Бүгін: 29 Қаңтар Нашар көретіндерге арналған нұсқа 0 °C
  • USD
  • EUR
  • RUB
Ертіс ауданының әкімдігіресми интернет-ресурс
Акимат Иртышского районаОфициальный интернет ресурс

Навигация

Жаңалықтар

Басты Жаңалықтар ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ ЕРТІС ЕЛІНДЕ

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ ЕРТІС ЕЛІНДЕ

09 Қаңтар 2020 ж. 38

Қаңтар айының 9 жұлдызы күні Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Нұржан Кемерұлы Әшімбетов Ертіс ауданына жұмыс сапарымен келді.

Халық қалаулысы Нұржан Әшімбетов ең әуелі атбасын спутниктік ауылдар қатарына енген Қызылжар ауылындағы бос тұрған бұрынғы ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институты ғимаратына тіреп, жай күйімен танысты.

Әрине, бос тұрған үш қабатты ғимарат күрделі жөндеуді талап етіп тұрғаны даусыз. Ауылдық округ әкімі Нұрлан Ахметов елдің тыныс-тіршілігімен таныстырып, аталған орынға алдағы уақытта ауылдың әлеуметтік нысандарын көшіру жөніндегі ойын ортаға салды.

Келесі кезекте Иса Байзақов ауылында орналасқан Беловод топтық су құбырында «Казводхоз» Павлодар филиалы директоры Жұмагелді Қожанов заманауи үлгіде жабдықталған су тазарту станциясының жұмыс түрімен таныстырды. Аталған станция 15 елді-мекенді ауыз сумен қамтамасыз етуге қауқары жетсе, бүгінгі күні 8 елді-мекен осы топтық су құбырынан бір текше литрі 300 теңгені құрайтын тіршілік көзімен қамтамасыз етіліп отыр.

«Казводхоз» Павлодар филиалы учаске бастығы Дмитрий Денисенко су тазарту жұмыстарының кезеңдеріне және құрылғыларына тоқталды. Парламент Мәжілісінің депутаты Нұржан Кемерұлы бірнеше жылдардың жетегіндегі күрмеуі қиын мәселенің шешімі шешіліп, алдағы күндері мемлекет тарапынан субсидия берілетіндігін жеткізді. Сол уақытта су бағамы да төмендейтіндігі белгілі болды.

Одан әрі халық қалаулысы Ертіс ауылындағы «Оразбаев» шаруа қожалығының еңбек өнімділігімен танысып, еңбеккерлермен кездесті. Шаруа қожалығы егістік өнімдерімен қатар, мал шаруашылығын дамытуды да алға қойған. Қожалық басшысы Сайлау Оразбаев бірнеше адамды жұмыс орындарымен қамтып отыр.

№2 Ертіс қазақ орта мектебінде болған кездесуде оқушылар өз бағдарламаларын робототехника арқылы көрсетіп, жаңа технология түрлерімен жұмыс жасап жатқандарын сабақ барысында көрсете білді.

Аудандық «Nur Otan» партиясы филиалында халық қалаулысы Нұржан Әшімбетов аудан әкімі Аян Бейсекин және аудандық «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Әлібек Ыдырысовпен бірлесе отырып, азаматтарға жеке қабылдау жүргізді. Ондағы көтерілген сауалдар: тірек ауылдар қатарындағы Ағашорын ауылдық клубының құрылысы, Голубовка ауылында орналасқан мәдениет үйінің жылу тәртібінің төмендігі және Амангелді ауылында ұялы телефон байланысының жоқтығы.

Аталған сауалдар алдағы күндері оң шешімін табатыны белгілі болды.

Аудан әкімідігінің мәжіліс залында Парламент Мәжілісінің депутаты ауданымыздың экономикасын дамытуда өлшеусіз үлестерін қосып келе жатқан шаруа қожалығы басшыларымен жүздесті. Халық қалаулысы ауылшаруашылығы еңбеккерлеріне арналған мемлекеттік бағдарламаларды

атай келіп, субсидия мәселесін де шет қалдырмады. Туындаған сұрақтар сол жерде шешімін тапты.

Аудан әкімдігіндегі кездесу депутаттық фракция отырысымен жалғасты. Күн тәртібіндегі:

ауданда МӘМС енгізу бойынша жұмыстар туралы, «Құтты мекен» партиялық жобасының іске асырылу барысы туралы, «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде аудандық мәслихат депутаттарының жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылы туралы мәселелері талқыланды.

Нұржан Әшімбетов мәслихаттар депутаттарының рөлін кұшейту мақсатында Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияластармен кездесуде міндеттерді белгілеп, соның ішінде мәслихаттардағы фракция депутаттардың және әкімдердің партиялық жауапкершілігін күшейту, сонымен қатар бөлінген қаражаттың жұмсалуына нақты партиялық бақылауға алу керектігін тағы бір мәрте ел есіне салды.

Аудан әкімі Аян Бейсекин ауданымызға арнайы ат басын тіреп, халықпен жүздесіп, сүбелі ойларын ортаға салған, өмір иірімін өрге оздырар халық қалаулысы Нұржан Әшімбетовке аудан атынан ризашылығын білдіріп, зор табыстар тіледі.