Бүгін: 18 Қыркүйек Нашар көретіндерге арналған нұсқа 0 °C
  • USD
  • EUR
  • RUB
Ертіс ауданының әкімдігіресми интернет-ресурс
Акимат Иртышского районаОфициальный интернет ресурс

Навигация

Жаңалықтар

Басты Жаңалықтар АТА ЗАҢ АЙБАРЫМЫЗ

АТА ЗАҢ АЙБАРЫМЫЗ

02 Қыркүйек 2019 ж. 26

Тамыз айының 29 жұлдызы күні аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған салтанатты іс-шара болып өтті.

Аталмыш іс-шараның шымылдығы конституция туралы бейнероликпен ашылып, онда Қазіргі Конституция жалпыхалықтық референдум негізінде 1995 жылдың 30 тамызында қабылданып, 5 қыркүйегінде күшіне енді. Ата Заңымыз 9 тарау және 98 баптан тұрады.

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, Қазақстанда Конституция тұңғыш рет 1924 жылы және кейінірек 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары жазбаша түрде қабылданды. Қазіргі Ата Заңымыздан бұрын Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда алғашқы Конституция қабылданған болатын.

Алайда 1993 жылғы Конституция ескі әкімшіл-әміршіл ережелерге сүйенгендіктен, жаңа қоғам талабына сай болмады. Әрі онда адамның жеке құқығы мен бостандығы және оны қамтамасыз ету қағидалары, мемлекеттік үкімет билігін жүргізу нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі нақты айқындалмаған еді. Сол себепті 1995 жылы Ата Заңымыз қайта қабылданды.

Жаңа Конституция заң шығарушы, атқарушы және сот билігін белгілеп, олардың құзіреті мен өзара әрекет етуін заң тұрғысынан айқындады.

Мемлекеттік лауазымды тұлғалар мен қарапайым азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол бермейді.

Ата Заң Қазақстан Республикасын демократиялық мемлекет деп жариялайды. Конституцияның 3-бабы 1-тармағында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық делінген. Халықты жоғары биліктің иесі ретінде тану – халық суверенитетінің көрінісі. Халық өз билігін тікелей республикалық референдум және сайлау арқылы жүзеге асырады, сонымен бірге билік жүргізуді мемлекеттік органдарға тапсырады.

Халықтың еркіндігін айшықтайтын бұл құжат өзінің нормалары мен қағидаларымен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениеті дамыған елдердің қатарына жетелейді. Сол себепті басты міндет – жеке тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың Республика Конституциясына деген дәстүрлі құрметін дамыту екені айтылып, жиналған жұртшылық конституция жайлы деректермен танысты.

Ата заң біздің мемлекетіміздің, халқымыздың ең ұлық мерекелерінің бірі. Ата заң, мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары. Тәуелсіз еліміздің іргетасы Ата заң күніне арналған салтанатты іс-шараның құттықтау сөзін сөйлеу және марапаттау үшін сахна төріне аудан әкімі Аян Бейсекин көтеріліп, Конституция адам мен азамат қатынастарының қағидаттары мен нормаларын бекітіп, қазақстандық қоғамның алдындағы мақсат-межелер мен әлемдік қоғамдастықтың алдындағы бастапқы міндеттерді қалыптастырды. Біз айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуетті елге айналдық.

Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік деген сөзін айта келе, конституция біздің басты құндылықтарымызды –Тәуелсіздікті, Бейбітшілік пен Тұрақтылықты ғасырларға бекітті.

Бұл күн бізді рухтандырып, Қазақстанды одан әрі дамытуға шабыт беріп, жаңа мүмкіндіктер сыйлады. Бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңды құрметтеу біздің міндетіміз әрі парызымыз деп өз сөзін тәмамдады.

Конституция күнін мерекелеу құрметіне ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан аудан азаматтарына аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары қоса тапсырылды.

Павлодар облысы әкімінің Алғыс хатымен Ертіс ауданы әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ақбөпе Ахметжан марапатталды.

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі, қоғамдық қызметтегі белсенді өмірлік ұстанымы, сіңірген еңбегі үшін және Конституция күні мерекесінің атап өтілуіне орай, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен Ертіс ауданының әділет басқармасының бас маманы Айгүл Абенова, Ертіс ауданы жер қатынастары бөлімінің зейнеткері Мария Борисенко, Майқоңыр ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Сәуле Қияқбаева, Ертіс ауылы әкімінің орынбасары Ағлан Сарсембаев қатарлы тұлғалар марапатталса, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен Ертіс аудандық сотының бас маманы Александр Агеев, Ертіс аграрлық-техникалық коледжі басшысының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Бахытжамал Байтоғай, Ертіс орталық аудандық ауруханасының эпидемиологтың көмекшісі Лариса Едина, Ертіс аудан прокуратурасының прокуроры Риза Тусуповалар да марапатқа ие болды.

Келесі құттықтау сөзін сөйлеу үшін аудандық маслихаттың хатшысы Байшот Шыңғысовқа сөз беріліп, ардақты Ата заңымыз туралы толғақты ойларын айтып, барша жұртшылықты өз атынан және де мәслихат атынан құттықтап өтті.

Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты.

Еуразияның жүрегінде орналасқан Елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды. Құқықтық мемлекет орнатып, әлемнің өркениетті елдерімен жан-жақты экономикалық-саяси тең дәрежеде қарым-қатынас қалыптастыру, ірі реформаларды жүргізу, демократиялық принциптерді құрметтеу тұтастай Ата-Заңымыздың аясында атқарылып келеді.

Елбасының «Мәңгілік Ел» болу жолында ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын үлкен жетістікке жету жолында еліміздің Ата заңы өз үлесін орасан зор қосып келе жатқаны анық.

1995 жылы Қазақстан халқы өзінің тарихи таңдауын жасады және мемлекеттің одан әрі даму жолын айқындады. Бұл барлық қазақстандықтар үшін ерекше оқиға, жаңа қоғам тұрғызылатын сенімді іргетас болды.

Құттықтау сөздер мен марапаттаудан кейін Қазақстан Республикасының Ата заң мерекесіне орай мәдениет үйінің ұйымдастырған концерттік бағдарламасымен кеш өз жалғасын тапты.

Концерттік бағдарламада қазақтың мың бұралған арулары құбылта билеп, бұлбұл дауысты әншілер тамылжыта ән салып, рухты кеш өз мәресіне жетті.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы көтеріліп, асқақтап әнұран шырқалып басталған тамаша кеш біздің тәуелсіздігімізді нығайтып, мемлекетімізді және бүкіл қоғамды берік еткен конституциямыздың күні ол әрине барша қазақстандықтардың мерекесі болмақ.