Бүгін: 20 Қараша Нашар көретіндерге арналған нұсқа 0 °C
  • USD
  • EUR
  • RUB
Ертіс ауданының әкімдігіресми интернет-ресурс
Акимат Иртышского районаОфициальный интернет ресурс

Навигация

Жаңалықтар

Басты Жаңалықтар АЙМАҚ БАСШЫСЫНЫҢ ЖҰМЫС САПАРЫ

АЙМАҚ БАСШЫСЫНЫҢ ЖҰМЫС САПАРЫ

29 Тамыз 2019 ж. 58

Тамылжыған тамыз айының 29 жұлдызы күні облыс әкімі Болат Бақауов жұмыс сапарымен Ертіс ауданына келді. Аудан әкімі Аян Бейсекинмен бірге аймақ басшысы аудан аумағындағы егін жинау жұмыстарының барысымен танысты, ауданның ауылшаруашылық құрылымдарының басшыларымен кездесу өткізді, ағымдағы жылы күрделі жөндеу жүргізілген №2 Ертіс орта мектебіне барып,азаматтарды жеке қабылдап, сондайақ Ертістің аға буын өкілдерімен жүздесті.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Болат Бақауов «Амангелді» шекаралық бақылау бөлімшесінің бекетіне барды. Мұнда шекаралық тексеруге арналған жабдықтар мен құралдар көрсетілді.

Сондай-ақ «Данат» шаруа қожалығының инвестициялық нысандарымен танысты.

«Абай» ЖШС мен «Замандас» ШҚ егістігі алқаптарында шаруа қожалығының басшылары Н.Миллер, Б.Бәкішев, Е.Байғазинов және Б.Әбдірайысовпен әңгімелесудің сәті түсті. «Ертіс ТШ» ЖШС суармалы егіншілік учаскесіне де барып қайтты.

Облыс әкімі Болат Жұмабекұлы №2 Ертіс орта мектебіне атбасын тіреп, мектеп директоры Айнұр Сәрсенова ағымдағы жылы күрделі жөндеуден өтіп, сәні мен салтанаты келіскен мектепте заманауи тұрғыда жүргізілген жұмыс түрлеріне, оқушылардың саны мен мұғалімдердің сапалық тізіміне тоқталып, жабдықталған пән кабинеттерімен таныстырды.

Өткен жылы аталған мектептің директоры Айнұр Сәрсенова оқушылардың білім сапасына орай аймақ басшысының қолынан 50 миллион теңге сертификатқа ие болғандығы ел есінде. Міне, осы қаражатқа ағымдағы жылы білім ордасы күрделі жөндеуден өтіп отыр.

Ол, әрине мектеп басшысы мен мұғалімдердің тынымсыз еңбегінің айғағы. Мектеп оқушылары ашылған IT-кабинеті шәкірттердің дарынын ұштап, сандық технологиялар бағытындағы білімдерін арттыруға өлшеусіз септігін тігізетіні шындық екенін атап өтті. IT-кабинеті мектеп оқушыларының барлық балаларына осы бағытта жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Бұл ғылыми-зерттеу және инженерлік-технологиялық ортаға балаларды тартуға мүмкіндік береді. Бүгінде барлық әлем цифрлық технологияларға байланысты.

Сонымен қатар облыс әкімі Болат Жұмабекұлы мамандық таңдауда да мектеп ұстаздары әр баланың жүрегіне жол тауып, қандай пәнге жақын екенін біліп, таңдауды жыл соңында емес бүгіннен бастауды жөн санады. Содан барып үлкен жетістікке қол жеткізетінімізді атап өтті.

Химия, физика кабинеттерінің жақсы жабдықталуы оқушылардың сапалы білім алуларына септігін тигізетінін айтып, ағылшын тілі мамандары қаладан келіп тәжірибе алмасса деген ойын да естен шығармады.

Мектеп ұстаздары көп жылдың жетегінде арман болған мектептің бүгінгі күні күрделі жөндеуден өтуіне үлкен қолдау көрсеткен облыс әкіміне ұстаздар мен ата-аналар және оқушылар атынан зор ризашылықтарын білдірді. Аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы да мектептің өткен күрделі жөндеуіне оң бағасын берді.

Облыстық «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы Болат Бақауов аудандық партия филиалында азаматтарға жеке қабылдау жүргізді. Оңтүстік өңірден қоныс аударған Ертіс ауылының тұрғыны Махаббатхон Кошкарова өзінің кәсібін өркендетуге кепілдіксіз шағын несие алу мүмкіндігі, Қызылқақ ауылының тұрғыны Рүстем Битасов балалар мен жастар үшін ауылға спорт залдың керектігі, Ертіс ауылының тұрғындары Гүлмира Көшербаева мен Ирина Назарова тұрғын үй мәселесі, Рамазан Жаналин орталық монша жөнінде және дәрігерлік әлеуметтік эксперт комиссиясы шешіміне келіспей отырған Северный ауылының тұрғыны Нұрлан Өтебаев баласына  мүгедектікті жалғастыру керектігі сияқты түрлі сауалдарды ортаға салып, қойылған әр сұрақ өздеріне тиісті нақты жауаптарын алды.

Одан әрі аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы аудандық «Атамұра» ардагерлер клубында ардақты ардагерлермен кездесті. Ардагерлер тарапынан туындаған сұрақтарға жік-жігімен жауап берген облыс әкімі аймағымыздың даму жолына тоқталды. Бүгінгі күні өлшеусіз тер төгіп жүрген диханшылар еңбегі де назардан тыс қалмады. Өлшеусіз төккен тердің арқасында үлкен жетістікке қол жеткізген, сәні менен салтанатын келістіре түскен №2 қазақ орта мектебінің жетістігі де сөз орайын жалғай түсті. Ардагер ұстаз Нұрбола Әутәліпов №2 қазақ орта мектебінің 80 жылдық тарихына арналған «Алтын ұя - мектебім» және латын әліпбиіне көшірілген бастауыш сыныптарға арналған «Мүбәрактану» оқулығын аймақ басшысына сыйға тартты.

«Бата менен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» демекші, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамза қажы Зейнішев телегей тілеуін арнап, облыс және аудан әкіміне ақ батасын берді.