Бүгін: 21 Қараша Нашар көретіндерге арналған нұсқа 0 °C
  • USD
  • EUR
  • RUB
Ертіс ауданының әкімдігіресми интернет-ресурс
Акимат Иртышского районаОфициальный интернет ресурс

Навигация

Жаңалықтар

Басты Жаңалықтар Көштің алды қоныстануда

Көштің алды қоныстануда

21 Қыркүйек 2017 ж. 82

Елбасының тапсыр­масына сәйкес, оңтүстік тұрғындарын еңбек қолы, адам саны әсіресе мектеп оқушылары аз жерлерге көшіру саяса­тын біздің аудан бірден қолдап, аудан басшы­сы С.Батырғожинов оңтүстікті аралап оның тұрғындарымен кездескен болатын. Сол кездесулердің нәтижесінде бүгінгі күні ауданның елді мекендеріне оңтүстіктегі бауыр­лар келіп, қоныстану жұмыстары баста­лып кетті. Кешегі күні, дәлірек айтсақ 13- қыркүйекте Майқоңыр ауылына жеті отбасы келіп жетті.

Алыстан ат арытып келген ба­уырларды ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Тілеуова, жұмыспен қамту және әлуметтік бағдарламалар бөлімінің басшы­сы Е. Абдраев қарсы алды.

Жеті отбасының отағалары және бір жас келіншек Фатима Тәжібаевны ертіп, Е.Абдраевтың жол бастауымен Майқоңыр ауы­лына жол шектік.

Ауыл әкімі Қ. Нұрғожинов көштің алдын құшақ жая қарсы алып, қойын сойып, шағын концерттік бағдарлама дайындап сақадай сай отыр екен.

Оңтүстік Қазақстан облы­сы Сарыағаш ауданынан кел­ген азаматтарға Қайролла Ғаббасұлы, Ерген Шайқыұлы көш-қон жай-жапсарымен, қолдау көмек түрлері, жалпы жағдай ту­ралы жан-жақты түсінік берді.

«Елге ел келсе құт» деген бар. Жаңа қоныс аударушылардың ба­сым көпшілігі жермен айналысып бау бақша өсіруді мақсат тұтқандықтан берілетін жер телімі, су мәселесі жайында алаңдайтындықтарын ашық айтты.

Тұрғын үй мәселесі шешіліп қойған екен. Жеті отбасы аралап жүріп жеті үйді өздері таңдап, үй иелерімен келісіп сатып алуға сөз байласып, оларға жер мәселесі мен су мәселесі кедергісіз шешілетіні түсіндірілді.

Ыстық жақтың табиғаты суды көп керек ететіндіктен ол кісілер салған картоп, т.б. өсімдіктер көбінде соншалықты су мәселесіне тірелмейді деп жан жақты берілген түсініктемелерге таң қалып, кең жазира дархан даланың ұшан теңіз жерлерін көріп қатты қызыққандарын жасыра ал­мады. Фатима Ескендірқызының мамандығы сан салалы көрінеді: жоғары білімді маман, қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі оған қоса аспазшы және дизай­нер.

Жолдасы Усманов Ру­стам дәнекерші, құрлысшы, Әбдімұрат Орынбаев Алматының халықшаруашылық институтын экономист мамандығы бойынша бітірген, жеке шаруашылық ашып, бау бақша мәселесін қолға аламын деген ойда екен.

Бұл көштің алдында да осы азаматтардың жерлесі жас отбасы балаларымен көшіп келіп орналасқан екен. Санжар Жәдігер деген азамат ауыл клубының меңгерушісі Сәуле Қияқбаеваның оң қолы екен. өн бойына өнер тұнған жас жігітті бауырына тартқан Сәуле Нұргелдіқызы сол отбасының оқушы қыздарын, мектеп оқушыларын би өнеріне баулып қоян қолтық араласып кеткен. Санжар өзі шекара заставасына жұмысқа орналасуға құжат дай­ындауда.

Келген қонақтарға дастарха­нын жайып қазақтың қонақжайлық бауырмалдығымен бірге бүлдіршіндердің өнерін ұсынып, көңілдерін көтеріп, тамаша көңіл күй қалыптастырған ел азаматы мен азаматшаларының ұлттық үрдісті жаңғыртуы көңілден шықты.

Көштің алды орналасып, соңынан әлі де келушілер болады деген де айтылды. «Білмейтін жердің ой, шұңқыры көп» деген сөз бар. Күдікпен қорқыныштарын жасырмаған қоныс аударушылар бағыттарының дұрыстығына көздері жеткендей көңілдері орнықты деуге болады.