Бүгін: 21 Қараша Нашар көретіндерге арналған нұсқа 0 °C
  • USD
  • EUR
  • RUB
Ертіс ауданының әкімдігіресми интернет-ресурс
Акимат Иртышского районаОфициальный интернет ресурс

Навигация

Ертіс ауданының тарихы

Ертіс ауданы күнгей жағында Ақтоғай ауданымен, батысында Көкшетау облысымен, солтүстігінде Ресейдің Омбы облысымен шектеседі. Шығыс жағындағы Железинка ауданымен аралықты Ертіс өзені бөліп жатыр. Аудан жерінің көлемі 10,2 мың шаршы километр. Бұның өзі бүкіл Павлодар облысы жерінің 8,1 пайызына тең. Соңғы ширек ғасыр бойы аудандағы алпыстан астам ауыл мен селоны 16 шаруашылық пен бір облыстық тәжірибе станциясы біріктіріп келді. Үстіміздегі ғасырдың бас кезінде Ертіс ауданының жеріне ресейліктер қоныс аудара бастағанға дейін бұл өңірді негізінен бір-ақ ұлт-қазақ халқы мекендеп келген. Олардың сан ғасырлық көшпелі өміріне, басқару жүйесіне XІX ғасырдың бас кезінде Ресей империясы жүргізген отаршылдық саясатқа сәйкес өзгерістер енгізіле бастаған. Сібір қазақтары жөніндегі Жарғы бойынша 1822 жылы Орта жүзде хандық басқару жүйесі жойылып, оның орнына отаршылдық қысымды күшейте түсу мақсатымен, хандықтан әлдеқайда әлсіз аға сұлтан билігі енгізілгені аян. Осыған орай, Қазақстанның солтүстік аймағын ұясында неғұрлым сығымдап ұстау үшін Омбы облысымен құрады да, оны Омбы, Петропавл, Семей, Өскемен - төрт округке бөледі. Сонымен бірге бұл Жарғы бойынша, Омбы облысының сыртқы округтері құрыла бастайды. 1824 жылы- Қарқаралы, 1833 жылы – Баянауыл, Көкшетау тағы басқа округтер пайда болды.

Қазақ даласында 1832 жылы Құрылған Ақмола сыртқы округінің шекарасы өзінің солтүстік-шығыс жағында Ертіс өзеніне дейін жетті. Сөйтіп, Ертіс ауданының аумағы түгелдей осы Омбы облысына қарасты Ақмола сыртқы округінің құрамына енгізілген.

Бұл округ бірнеше болысқа бөлінді. Округты аға сұлтан, болыстықты болыс, ауылдарды- ауылнайлар басқарды.

1838 жылы Омбы облысы таратылғаннан кейін, Қазақстанның солтүстік аймағында Сібір қазақтарының облысы құрылды да, оның құрамына қазіргі Павлодар облысының Ертіс ауданы да енді.

Қазақ халқының өзін-өзі билеу мүмкіндігін одан сайын бәсеңдете түсу мақсатымен, 1908 жылы бекітілген  «Далалық облыстарды басқару жөніндегі уақытша заң» бойынша аға сұлтандық билік те жойылды. Енді бұрынғы аға сұлтан  билеген сыртқы округтердің орнына Семей, Орал, Торғай және Ақмола облыстары құрылды. Олар уйездерге бөлінді. Семей облысының құзырына Павлодар, Семей, Өскемен, Қарқаралы және Бұқтырма уйездері қарады. Павлодар үйезі 1908 жылдың 21 қазанында Баянауыл мен Ақмола округтерінің және Тобыл мен Том губернияларының Ертіс өзенінің сол жағындағы бөліктерінен құрылды. Ертіс ауданының казіргі таумағы Павлодор  уйезінің құрамына еніп, ол кешікпей Қызылағаш, Ақкөл және жартылай Алқакөл болыстарына бөлінді.

Үстіміздегі ғасырдың алғашқы жылдарында Ертіс ауданының жеріне ресейліктер көшіп келе бастады. Тұрғылықты халықтың тұрмысы бұрынғыдан да қиындай түсті. Көшпелілердің ата-бабалары иемденіп келген топырағы құнарлы, жайылымы шырайлы қоныстары сырттан келген ресейліктерге берілді. Бұның өзі «Далалық облыстарды басқару жөніндегі уақытша Заңның» жүзеге асырыла бастауы болатын.

Ең алдымен 1906 жылы қоныстанушылардың №75 учаскесі пайда болды. Ол қазіргі «Қызылжар» ауылының төңірегін қамтыды да орыс тілінде «Красный яр» аталды. Содан кейін 1908 жылы Шұбарат  ауылының орнына- Беловод, Мойнақтың орнына – Горностаевка, Қосағаштың орнына – Грабово аталған селолар пайда болды.

1909 жылы Қорғанкөлдің орнына – Голубовка, 1910 жылы Қылышбектің орнына – Корниловка, 1911 жылы Тереңсайдың орнына Печорск аталған селолар пайда болды. 1914 жылы Шүйгін жайлауының орнында да орыс селосы қоныстап, кейін ол Коммунар колхозы атанды. 1915 жылы Ақтайлақ ауылының орнына Никоноровское селосы қоныстанды.

Семей губерниясы есептеу басқармасының мәліметінде Ертіс болысындағы селолардың отбасы мен жан саны да көрсетілген. Оған жүгінсек, 1920 жылы болыс орталығы Ертіс селосында 466 отбасы және онда 2698 адам болған екен. Ал Горностаевка (Мойнақ), №75 учаске (Қызылжар) Никоноровское (Ақтайлақ) селоларындағы отбасы саны он бестен алпысқа дейін ғана болған Беловодта (Шұбарат) ғана көбірек. Онда 154 отбасы, 968 жан. Мәліметте тап осылай бұл жерлердің бұрынғы атаулары жақшаның ішінде көрсетілген.

Жалпы алғанда, Ертіс болысындағы орыс селоларында 1920 жылғы санақ бойынша 1822 отбасы, онда 9887 жан; ал 1924 жылғы санақ бойынша 1772 отбасы, онда 10110 жан болған. Төрт жылдың ішінде отбасы да, жан саны да өспеген, қайта біраз кеміген.

Жаңа қоныстанушы орыс селолары бұрынғы Қызылағаш болысына бағынбады. Жаңадан пайда болған он шақты селоны басқару үшін екі орыс болысы құрылды. Олар Ертіс, Новоивановка болысы деп аталды.

Павлодар уйезінде оның ішінде Қызылағаш болысында, Кеңес өкіметі 1919 жылдың қараша айында орнады. Бұл кезде Павлодар уйезі барлық болыстарымен қоса, Сібір төңкеріс комитетіне бағынып, Омбы губерниясының құрамына кірді.

Ертістіктердің Қазан төңкерісіне көзқарасы қандай және олар Кеңес өкіметін қалай қарсы алды? Бұл сұрақтарға жауап берместен бұрын сол кездегі уақиға жайында жазылып қалған мұрағаттық деректерден мысал келтірейік.

Мұрағат жазбаларына қарағанда, 1918 жылдың 16 наурызында Ертіс селосында Леонтьев деген саудагердің дүкенінде Ертіс болысы мен Қызылағаш болысы өкілдерінің Съезі өткізіліп, онда осы съезде ұйымдастырушы Федор Иванович Бурягин баяндама жасайды.

Күн тәртібіндегі мәселе: “Кеңес өкіметіне съездің көзқарасы туралы”.

Бұл съезге Ертіс болысының 35 селосынан, Қызылағаш болысының 5 ауылынан 58 адам қатысады. Съезде 21 адамнан атқару комитеті сайланып, оны басқару                           Ф. И. Бурягинге төтенше комиссияны басқару Е. И. Дюжий, ал әскери комитетті басқару И. П. Носик дегенге жүктеледі.

Алайда атқару комитеті құлашын кең жазып, ұзақ жұмыс істей алмаса керек. Сол жылдың 7 маусымында ақгвардияшылар Омбы қаласын басып алысымен Ертістің оң жақ  жағалауын қоныстанған казачество Ертіс селосына лап қойып, Кеңес өкіметін жақтаушы белсенділерді тұтқынға алады. Олардың ішінде атқару комитетінің И. Решетников,                 П. Кривоногов, Р. Молотов, Е. Евдощенко, Ф. И. Бурягин тәрізді белсенді мүшелері болады.

Бұл деректерде атқару комитеті мүшелері ішінде де, тұтқындалғандар арасында да тұрғылықты халық өкілдерінің есімдері аталмайды. Мұрағаттық жазбада бұның себебі тұрғылықты халықтың тап қайшылығы жөніндегі түсініктерінің шамалылығынан деген тұжырым бар.

Кеңес өкіметін жақтаған орыс белсенділерінің арасында Әбдіғалым Есмағамбетовтың ғана есімі аталды. Ол Сорокин деген бай саудагердің жалшысы. Өзеннің оң жақ өңірінен келген қазақтар Ертістегі атқару комитеті  мүшелерін тұтқындай бастағанда, Әбдіғалым И. Носик, Г. Титаренко  ағайынды Володиндарды ертіп ауыл арасында  алып кетіп жасырған екен. Бірақ қазақтар Әбдіғалымды қудаламаған.

Қазан төңкерісі ұлттар күресінің емес, тап күресінің нәтижесі болғанымен күрес кезінде ұлттық белгілерге қарап жіктелгендік байқалады. Мәселен тұрғылықты халық, яғни, қазақтар бұл күреске құлшынып кірісе қоймаған болса, Ертіс болысындағы орыс шаруалары  қызылдарды қызу қолдаған. Ал ертістің оң жағалауындағы  казачество түгел дерлік  ақтардың сойылын соққан. Мұрағаттық деректе ақгвардияшылар Омбыны билеп тұрған кезде  Бесқала (Пятирыжск)  казачествосы қолында 90 винтовка, бір пулемет болды деп көрсетілген. Егер бұл селода жалпы отбасының өзі тоқсанға жете бермейтінін айтсақ, қолына  қару ұстауға  жарайтын жан  басына бір-бір винтовкадан келген.

Бұл кезде ауыл арасында жасырынып жүрген Кеңестік Комитет аткомының мүшелері Бесқаладағы  қару-жарақ қоймасын басып алу  жөнінде жоспар  да жасағандығы айтылды.

1919 жылдың 24 қарашасы ертістіктер үшін тарихи күн. Бұл күні кешке қарай Кеңес Армиясының 228-ші  Карел полкі Ертіс селосына келіп кіреді, оның штабының орналасқан жері, сол қарсаңда қашып үлгерген Соркин деген бай  саудагердің үйі.

Бұл полк Ертіс селосында үш күн тынығып, қарашаның 27-күні Ертіс бойын өрлей аттанады да, қарашаның 29 күні Павлодар қаласына барып кіреді.

Ертіс ауданында Кеңес өкіметі орнап, жаңа заман талаптарына сай өзгерістер жасала бастағанымен, басқару жүйесінің ұлттық сипаты баяғыша кала берді. Қазақтарды Қызылағаш болысы басқарып, іс қағаздарын өзінің ана тілінде, ал орыстарды Иртыш болысы біріктіріп, іс қағаздарын орыс тілінде жүргізді. Екі болыс бір-біріне бағынбады. Сөйтіп, ауданда дәреже-құқы тең екі болыс жұмыс істеді. Бұл жүйе 1928 жылы екі болыс бірігіп, Ертіс ауданы аталғанға дейін сақталады.

1920 жылдың 30 тамызында Қазақ Республикасы Ресей құрамындағы Автономия атағын алғанда, оның құзырында Павлодар уйезі де болуға тиісті еді. Бірақ іс жүзінде олай болмады. Ол Омбы уйезінің құрамында қалып қойды. Тек жарты жылдан кейін ғана, дәлірек айтқанда, 1921 жылдың 7 ақпанында Павлодар уйезі қарауында 31 болысымен бірге Омбы губерниясының құрамынан шығып қазақ, автономиясына қосылды.

Бұл кезде Ертіс ауданының аумағы қазіргіден үш еседей кең және оның жерінде 11 болыс болатын. Омбы губерниясынан Павлодар уйезі Семей губерниясына берілгенде, шекараның ұлттық құрамы ескерілмей қате бөлінгендігі жергілікті халықтың жоғары орындарға шағым беруіне әкеп соқты. Бұл жөніндегі Ертіс ауданының Майкөл, Қызылағаш, Мұздыкөл және Тереңкөл болыстары атынан өкілдік алып, В.И.Ленинге жолданған жеделхаттың астына Арынғазин, Байзақов, Загиров, Нұркин қол қойған. Мұнда Қызылағаш болысы  атынан қол қойған Байзақов өзіміздің атақты суырып-салма жерлес ақынымыз Иса Байзақов екендігі дау тудырмаса керек. Өйткені, бұл болыста ол кезде ел қамын жеген, белсенділігімен көзге түсіп жүрген басқа Байзақов болған жоқ.

 Жоғарыда аталған төрт азаматтың жеделхаты В.И.Ленинге 1921 жылдың                    22 мамырында жөнелтілген екен. Сол жылдың күзінде бұл төрт болыс Павлодар уйезінің құрамына енгізілген.

Жаңа экономикалық құрылыс пен ауылдардың кеңестендірілуімен  байланысты 1928 жылдың  17 қарашасында Павлодар уйезі таратылды. Оның орнына құрамында                   9 ауданы бар Павлодар округі құрылды. 1928 жылдың 3 қыркүйегінде округ бекітілді. Ертіс ауданының құрамына Железин, Ертіс, Новоиванов болыстары мен Үйірлітүп, Алакөл болыстарының біраз бөлігі кірді. Сөйтіп, Ертіс ауданының жері Ертіс өзенінің сол жақ өңірін ғана емес, оң жақ өңіріндегі қазіргі Железин ауданының едәуір бөлігін де қамтыды.

Басқарудың бұл кездегі жүйесі бойынша округтің құрамына аудандар, аудан құрамына болыстар, болыс құрамына ауылдар мен селолар кірді. Басқарудың қазіргі жүйесімен салыстырғанда бір буын артық. Бұның өзі сол жылдары байларды тәркілеу, ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру, кеңестендіру сияқты қызу да шұғыл шаралар күшпен жүзеге асырылып жатқан шақта, бақылау мен қысымды күшейту мақсатынан туған болса керек.

Алайда басқарудың жаңа жүйесі өміршең болған жоқ. Жиырмасыншы жылдардың аяқ кезінде байларды тәркілендіру науқаны негізінен аяқталды. Ал отызыншы жылдың көктемінде колхоз құрылысындағы кемшіліктердің беті ашылды. Ауыл шаруашылығының жаппай ұжымдастыру жағдайында көпсатылы басшылық, жоғарыдан берілген кейбір нұскаулардың жедел орындалуына бөгет жасайтын болған. Басқару жүйесінің бір буынын қысқартуды өмірдің өзі талап етті.

1930 жылдың 15 шілдесінде округтарды жойып, тек аудандарды ғана қалдыру жөнінде қаулы қабылданды. Аудандардың да саны ықшамдалды. Республикадағы 180 ауданнан 112-і ғана қалдырылды. Бұрынғы Павлодар округіндегі 9 ауданның орнына 7 аудан құрылды. Оның бірі Ертіс ауданы болды.

Кешікпей Қазақстанның барлық әкімшілік-аумақтық орны жаңаша қайта құрыла бастады. Ауыл шаруашылығының жаппай ұжымдастырылуы және көптеген совхоздар мен МТС-тардың орнауымен байланысты экономикалық құрылыстың жаңа жағдайында бұрынғыша Республикалық орталықтан басқарудың қолайсыз екендігі сезіле басталды. Ауданды орталыққа, ал Республикалық органдарды ауданға жақындастыру үшін аралықта басқарудың тіректі буыны қажет еді. Ондай тіректі буын міндетін облыс атқаратын болды.

1932 жылдың ақпан айында Қазақстанда 6 облыс құрылып, олардың әрқайсысы 15-20 ауданға бөлінді. Соның бірі Шығыс Қазақстан облысының (орталығы Семей қаласы) құрамына 21 аудан кірді.

Қайта бөліну кезінде осы облысқа қараған Ертіс ауданы жөнінде төмендегідей деректер келтірілген. Ауданның көлемі 18,0 мың шаршы километр, халқы –51,4 мың. Оның 41 мыңы- колхозда, 4,9 мыңы совхозда тұрады.

Ауданда 39 ауыл шаруашылық артелі және 4 кеңшар бар (Северный, Суворов, Новотроицк және Қазақстанның 10 жылдығы атындағы) 15 май зауыты, 23 кәсіпкер, 3 почта- телеграф станциясы, 25 сауда орны, 75 төсектік, 3 аурухана, 6 дәрігерлік және 9 фельдшерлік пункт, бір әйелдер- балалар консультациясы, 11 мектеп, 6 клуб, 6 қызылбұрыш, 15 оқу үйі және 4 кітапхана жұмыс істейді.

1932 жылдың 1 қаңтарындағы ақпарда 26 партия ұясы, 14 кандидатық топ, 1794 комсомол мүшесі бар делінген. Ертіс ауданында 1930 жылдан бастап екі газет жарық көрген. Оның бірі - қазақша- “Колхоз тілі” 1565 данамен екіншісі- орысша- “Иртышский колхозник” – 3800 данамен тараған.

1938 жылы Шығыс Қазақстан облысынан бұрынғы Павлодар уйезінің жеріндегі 7 аудан бөлініп шықты да, ол Павлодар облысы аталды. Оның құрамына Ертіс ауданы да кірді.

Сол жылдың кезінде жаңадан құрылған Куйбышев ауданы жерінің дені Ертіс ауданынан бөлініп берілді. Содан осы уақытқа дейін Ертіс ауданының шекарасы айтарлықтай өзгере қойған жоқ.