Бүгін: 20 Қараша Нашар көретіндерге арналған нұсқа 0 °C
  • USD
  • EUR
  • RUB
Ертіс ауданының әкімдігіресми интернет-ресурс
Акимат Иртышского районаОфициальный интернет ресурс

Навигация

Құтырма – өлімге әкелетін ауру!!!

2018-09-10

Елімізде құтырма ауруының эпидемиологиялық ахуалы күрделенуде, 2017 жылдың қорытындысы бойынша 7 адам құтырма ауруынан көз жұмды.

Құтырма – аса қауіпті инфекциялық ауру, оның қоздырғышы вирус, жүйке жүйесін зақымдап, дерттің соңы алдын ала егу жүргізілмесе әрқашан науқастың өлімімен аяқталады. Жыл сайын әлемде осы аурудан 300 мың адам және миллионға жақын жануар қаза болады. Ауыздан көбіктенген сілекей ағу, агрессивті іс - әрекет, жүйке ұстамалары – бұлардың барлығы құтырма вирусымен шақырылатын аса қауіпті аурудың белгілері.

Жұқпа көзі жабайы жануарлар: қасқыр, түлкі және т.б., сонымен бірге үй жануарлары да бола алады, олар: ауылшаруашылық малдары (ірі мүйізді мал, ұсақ  мүйізді мал, жылқы, шошқа) және үй жануарлары (ит, мысық). Құтырма ауру жануарлардың тістеуінен, тырнауынан, сілекейлеуінен жұғады.

Жануардың ауру екенін бірден байқауға болады деген түсінік қателік. Кейде вирус жануардың сілекейімен ауру белгілері пайда болған уақыттан 3-10 күн бұрын бөліне бастауы мүмкін. Көптеген жағдайларда адамдар «мені қауып алған ит сау болған, дәрігерге барудың қажеті жоқ» деп, дер кезінде медициналық көмекке жүгінбей, соңы қайғылы аяқталып жатады.

Аурудың жасырын кезеңі 7 күннен 1 жылға дейін созылады. Жасырын кезеңнің ұзақтығы жарақаттың түскен жеріне, ауырлық дәрежесіне, ауырған адамның жасына (ересектерге қарағанда, балаларда қысқа уақыт болады), жануардың түріне  байланысты.

Аурудың алғашқы белгілері: тістелген жердің қышуы, жазылған жарақаттар мен тыртықтардың қайтадан қабынуы болып табылады. Құтырмамен ауырған адам тұйық болады, адамдармен араласудан қашады, ұйқысы бұзылып, әлсіздік пайда болады.

Аурудың бастапқы кезеңі өткеннен кейін дене қызуы көтеріледі, суды көргенде немесе есіне түсіргенде жұтынудың бұзылуы мүмкін. Көп ұзамай аэрофобия, яғни ауаның кез-келген қозғалысы, науқаста қылқынумен жалғасатын  ұстамаға әкеліп соғады, ондай жағдай жарық түскенде (фотофобия), қатты дыбыстан (акустикофобия) да болуы мүмкін. Ұстаманың соңында ауыздан көп мөлшерде сілекей бөлінеді. Өлім жүрек немесе тыныс алу орталығының салдануынан болады. Аурудың орташа ұзақтығы 3 – 8 күнді құрайды.

Құтырманың алдын – алу үшін әрбір адам иттер немесе басқа жануарлардан  жарақат алған жағдайда сабынды су ерітіндісімен жараны жуып, міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. Барлық емханалар кез-келген жануарлардан жарақат алған адамдарға міндетті түрде  медициналық көмек көрсетеді.

Травматологиялық немесе хирургиялық кабинеттер антирабиялық екпе жүргізеді, вакцинация 3 немесе 6 екпеден тұруы мүмкін. Жарақат алған адамдардың екпеден бас тартуы қатерлі. Құтырмаға қарсы егуден кейін асқынуларды болдырмау үшін, егу кезінде және егуден кейін 6 айға дейін алкоголь ішімдіктерін ішуге тыйым салынады.

Сонымен бірге иесіз иттер мен мысықтарды аулау  және оларды жою жұмыстары,  үй иттері мен мысықтарын асырау тәртіптерін сақтау (тіркеу, тұмылдырық кигізу, байлауда ұстау) құтырманың алдын алудағы негізгі іс-шаралар болып табылады. Сондай-ақ міндетті түрде жыл сайын алдын-ала құтырмаға қарсы үй жануарларына (әсіресе иттерге) екпе жасатқан тиімді.

Сондай-ақ оқыңыз