Бүгін: 10 Желтоқсан Нашар көретіндерге арналған нұсқа 0 °C
  • USD
  • EUR
  • RUB
Ертіс ауданының әкімдігіресми интернет-ресурс
Акимат Иртышского районаОфициальный интернет ресурс

Навигация

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың қиын жолдары

Басты Экономика Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың қиын жолдары Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың қиын жолдары

2019-06-06

Біздің күнделікті күйбең тіршілігіміз қиындыққа толы. Бала-шағаның кішкентай кезіндегі жауапкершілік жүгі толығымен ата-анасына жүктеледі. Есейе келе, адам өз өмірі мен өз отбасының өмірін басқару жауапкершілігін түсініп, түйсіне бастайды. Бұл – қиындығы басым міндет болғанымен қызығы да баршылық. Өйткені, адам өз болашағын өзі қалыптастырады және оның өмір сүру сапасы өзі қабылдаған шешімдеріне тікелей байланысты болмақ.

Адам баласы сияқты мемлекет те өзінің қалыптасу жолынан өтеді. Бастапқы кезеңде мемлекет барынша ықпал ете алғанымен, шектен тыс орталықтандыру елдің дамуын тежейтін кезең де келіп жетеді. Сонда азаматтардың позитивті белсенділігі, оларды өз үйін, шаруашылығынын, ауылдық округін басқаруға тарту қажеттігін түсіне бастайсың.

Мұндай мүмкіндік бізде бар және ол заңды түрде ресімделген. Жергілікті өзін-өзі басқару процесіне қатысу арқылы азаматтар өз ауылының, қаласының дамуына ықпал ету мүмкіндігіне ие болады. Бірақ мұндай мүмкіндіктің болуы бір бөлек те, оны іске асыру бір бөлек. Қоғамның белсенді қатысуынсыз жергілікті өзін-өзі басқару – тек фикция. Мұндай игі іске қоғамды қатыстыру біршама уақыт пен күш-жігерді қажет етеді. Алайда, тиімді басқару нәтижелі болып, өмір сүру сапасы арта бастағанда, осынау игі істерге қосқан өз үлесің үшін мақтаныш сезімі оянып, бұл салаға деген қызығушылығың арта түсетіні анық.

Қоғамды жергілікті өзін-өзі басқару процесіне қатысуға мәжбүрлеуге болмайды. Бұл істі ынталандырудың түрлі нысандарын бірте-бірте пайдалану, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, қоғамның мойындауымен уәждеу қажет. Жергілікті өзін-өзі басқарудың қазақстандық үлгісін қалыптастыру кезінде шетелдік тәжірибеге сүйеніп қана қоймай, еліміздің тарихын да ескеру қажет.

Ұлы дала аумағындағы жергілікті өзін-өзі басқару тарихы көптеген ғасырларға созылып жатыр және рулық-тайпалық қоғамдастық дәуірден бастау алады. Ру старшындары мен тайпа көсемдері құрылтайларда және көшпенділердің жиындарында сайланатын болған. Сайланғаннан кейін оларға даулы мәселелерді шешуге, әскери бөлімшелерді басқару өкілеттіктері берілген. Рулық қауымдар ауқымды автономияға иелік етіп, жергілікті, тіпті саяси проблемаларды шешуде көп ықпал етіп отырған.

Қазақстандағы өзін-өзі басқаруды дамытудың заманауи кезеңі жайында айтар болсақ, әдетте бұл кезеңді ел егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болып жарияланған күнінен бастаймыз.  

Реформалар басталған кезде жеке меншік: жалпыодақтық, республикалық және коммуналдық (жергілікті) болып үш түрде қолданылды. Әкімшілік-аумақтық бірлік коммуналдық меншік субъектісіне жатқызылды, сайланған жергілікті кеңестер тұрғындардың атынан мүлікке иелік етіп, оны пайдалана алды.  

1991 жылғы ақпанда «Жергілікті өзін-өзі басқару және Қазақ ССР халық депутаттарының жергілікті Кеңестері туралы» Қазақ ССР заңы қабылданды. Мұнда жергілікті кеңестердің жеке материалдық және қаржылық базасы мен өкілетті органдардың үстемдігі қағидаты бекітілді. Жергілікті кеңестің төрағасы бір мезгілде Атқарушы комитеттің төрағасы болып сайланды.

Келесі кезең 1992 жылғы қаңтарда «өкілетті органдардың үстемдігі» қағидаты «өкілетті және атқарушы-басқарушы органдардың функциялары мен өкілеттіктерінің аражігін ажырату» қағидатына ауыстырылды. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының рөлі жоққа шығарылмай, Қазақстан Республикасының Президентіне, немесе облыстық әкімшіліктің басшысына есеп беретін жергілікті әкімшілік басшыларының институты енгізілді.

1992 жылғы ақпанда ҚР Президентінің «Экономикалық реформа жағдайында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк басқару органдарының ұйымдастырылуы мен қызметiн жетiлдiру туралы» Жарлығына қол қойылды. Мұнда тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Президентінен бастап жергілікті әкімшіліктің басшыларына дейінгі барлық атқарушы-басқарушы органдардың бірыңғай жүйесі бекітілді. Жергілікті әкімшілік басшыларының институты енгізілгеннен кейін атқарушы биліктің сатылас жүйесі қалыпына келтірілді, алайда жергілікті өкілетті органдарды бұрынғысынша Кеңестер түрінде қалды. Бұл ретте, әкімшілік органдар билікке толық дерлік ие болды, ал нақты функциялардың жоқтығына байланысты өкілді органдардың рөлі жергілікті мемлекеттік басқару тетігінде маңыздылығы аз болды.

1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған тұңғыш Қазақстан Республикасы Конституциясында жергілікті өзін-өзі басқару дейтін қоғамның демократиялық институты мүлдем қарастырылмаған. Алайда, жергілікті жерлерде көптеген аумақтық қоғамдастықтарда қоғамдық өзін-өзі басқару комитеттері (КОС),  көше, үй және орамдық комитеттер құрылды.

Өткен жылдары орын алған билікті күшті орталықтандыру ісі өз-өзін ақтады, өйткені негізгі басымды міндеттер – мемлекет құру, ел егемендігін нығайту және салдары ретінде мемлекеттік басқару жүйесін орталықтандыруды заң тұрғысынан бекіту болды. Алайда, қазіргі кезеңде билікті шектен тыс орталықтандыру еліміздің дамуын тежей бастады. 

1995 жылғы тамызда қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды. Онда бізде «жергілікті өзін-өзі басқару танылады» және «жергілікті өзін-өзі басқаруды тұрғын халық тікелей жүзеге асырады, сондай-ақ ол халық топтары жинақы тұратын аумақтарды қамтитын жергілікті қалалық және ауылдық қоғамдастықтардағы басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылады» делінген.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құру жөніндегі келесі қадам 2007 жылғы 21 мамырда жасалды, ол кезде қолданыстағы Конституцияға өзгерістер енгізілді, оларға сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару мәслихаттар және басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылатын болды, сондай-ақ жергілікті қауымдостықтардың органдарына мемлекеттік функцияларды беру мүмкіндігі бекітілді.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқарудың құқықтық негізі – Конституция, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң және ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлығы болып табылады.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР заңына жергілікті өзін-өзі басқаруға азаматтардың қатысуын реттейтін толықтырулар енгізілді. Қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қалыптасу процесін түйіндей қойған жоқ. Керісінше, бұл процесс дамудың бастапқы сатысында десек те болады.

Осы орайда, Қазақстан үшін жергілікті өзін-өзі басқарудың ТМД және Шығыс Еуропа елдеріндегі қалыптасу тәжірибесі қызығушылық тудырып отыр.

Мысалы, Польшаның заң шығарушылары 1990 жылдың өзінде ұлттық актілерінде жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі Еуропалық хартияның негізгі тәртібін бекітті. 1990 жылғы қаңтардан бастап Польшада жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң күшіне енді, оған сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару азаматтардың құқығына басымдық бере отырып, субсидиарлық қағидат негізінде жүзеге асырылуы қажет. Жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асырудың базалық негізі ретінде гмина (қауым) сайланды. Жергілікті қоғамдастықтың басқарушылық қызметі жергілікті гминдік (жергілікті) өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылады: олардың негізгі міндеті дәл Польшадағы мемлекеттік билік органдары сияқты – тұрғындарға қызмет көрсету.

Өзін-өзі басқару ісі Польшаның дамуында үлкен рөл атқарды. Жергілікті тұрғындардың белсенділігінің арқасында Польша елеулі өзгерді. Егер барлығы орталықтан ғана басқарылып келген болса, ел дамуында ілгерілеу мүмкін болмас еді. Реформаның арқасында өз гминдары мен поветаларын басқаруға қабілетті жергілікті әкімшілер қоғамдастығы пайда болды. Сарапшылардың пікірінше, өзін-өзі басқару ісін қайта жаңғырту Польшадағы неғұрлым сәтті  реформалардың бірі болды.

Франциядағы жергілікті өзін-өзі басқару ісі де мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделін талқылау барысында қарастырылды. Франция өзінің әкімшілік бөлінісі бойынша барлық еуропа мемлекеттері арасындағы ең  «бытыраңқысы» болып саналады. Бұл елде 36 мыңнан астам коммуна (елді мекендер) бар, ал олардың үштен бірінде 200-ге жетер-жетпес тұрғын тұрады. Француз коммуналарын ірілендіру реформасы жүз жылдан астам уақыт бойы түрлі тәсілдер арқылы жүзеге асырылып келді.

Ірілендіру тәжірибесінің позитивті де, сол сияқты теріс жағы бар. Муниципалитеттерді күштеп біріктіру сәтсіз аяқталды. Муниципалитеттерді ерікті түрде біріктіру кезінде табысқа қол жеткізілді. Біріктіру жоғарғы жақтың бастамасы болғанымен, бұл шаруа тарихи қалыптасқан кооперациялар, зерттеулер мен күрделі түсіндіру жұмыстары ескеріле отырып, атқарылды.

Әкімшілік-аумақтық бірліктерді біріктіруді іске асыру стратегиясы ойластырылған кезде экономикалық өсудің «полюсын» құруға, өңіраралық салыстырмалы түрде әлеуметтік кереғарлықты жоюға, жеке алынған өңірде және жалпы елдегі қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыруға ықпал етеді.

Бұл жүйе жұмыс істеуі үшін жай ғана заңдарды өзгерту жеткіліксіз.  Өйткені, заң шығарушы адамдар, мекемелер мен өзін-өзі басқару органдары әрекет ететін заңдық шеңбер ғана сызады. Егер адамдар реформаның мәнін түсінбейтін болса, заң басқа мазмұнмен толтырылады не мүлдем қолданылмайды. Реформалар кезінде қоғамның оны түсінуінде үлкен проблемалар бар. Заңға қарағанда адамдардың менталитеті айтарлықтай баяу өзгереді. Осының өзі заңнамалық өзгерістер мен азаматтардың іс-қимылдарының өзгерісін үйлестіру проблемасын білдіреді. Егер заң баяу өзгеретін болса, онда қоғам өкілдері қанағатсыздық танытуы мүмкін, өйткені, әрекет ете алмай қалады. Ал егер өзгерістер жылдам жүріп жатса, адамдар заңның мәнін түсінбейді және заң жұмыс істемейді.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі әрқайсысының өз міндеті шешіліп отыратын кезең-кезеңмен жүзеге асатынын халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр. Әр кезеңнің ұзақтығы қоғамның болып жатқан өзгерістердің мәнін түсініп, оған бейімделуіне жеткілікті болуы тиіс. Әр елдің жергілікті өзін өзі басқару жүйесі жергілікті ерекшеліктер ескеріле отырып, жүргізілген көптеген реформалардың нәтижесі болып табылады, сондықтан тіпті ең үздік деген шетелдік тәжірибенің өзі Қазақстанның жағдайына оп-оңай көшіруге келмейді.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту процесі заңнамалық базаны өзгертуді ғана емес, сол сияқты жергілікті қоғамдастықтың азаматтық белсенділігінің өсуін болжайды. Алайда, жергілікті қоғамдастың жиналыстары мен олармен жұмыс істейтін ауыл әкімдері аппараттарының мамандары үшін ұйымдастырылатын семинарлардың нәтижесі халықтың белсенділігі төмен деңгейде қалып отырғанын көрсетіп отыр. Пассивтілік бүгінгі азаматтық институттардың – жергілікті қоғамдастық жиналыстарының, бюджет қаражатының шығыстарына жүргізілетін мониторингтің, жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңестері жұмысының тиімсіздігіне әкеледі.

Қолданыстағы заңнама шеңберінде ауыл әкімі жергілікті деңгейдегі мәселелердің шешімі туралы есеп беруге, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламасын даярлап, бекітуге ұсынуға, олар қабылдайтын шешімдерді түсіндіруге міндетті.

Жергілікті қоғамдастықтың жиыны жергілікті қоғамдастық жиналысына қатысушылардың құрамын, басым міндеттерін және оларды іске асыру мерзімдерін айқындайды, сондай-ақ аудан мәслихатына жергілікті маңызы бар мәселелер бойынша ұсыныстар енгізуге құқылы.

Жергілікті қоғамдастықтың жиналысы жергілікті бюджеттік бағдарламаларды талқылау, жергілікті өзін өзі басқарудың кіріс көздерін пайдалану, сатып алынған мүлікті иеліктен шығаруды келісу, қажет болған кезде әкімді қызметінен босату туралы мәселеге бастамашылық жасау өкілеттігі болуы тиіс.

Жергілікті өзін өзі басқарудың белсенді және пассивті түрін пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) мысалында қарастыруға болады.

ПИК қызметіне қатысу азаматтарға басқарудың практикалық тәжірибесін алуға бірегей мүмкіндік және пассивтілік тыныштық кепілі емес, керісінше, қажетсіз нәтижелерге әкелуі мүмкін түсінігін береді. ПИК-те ғана азаматтық қоғамның табысты дамуына қажетті:

- пікірталасты тең дәрежеде жүргізу;

- қажеттіліктер мен мүмкіндіктердің теңгерімділігіне қол жеткізуге;

- қоғамдық бақылауды ұйымдастыруға және басқа дағдылануға болады.

Сондықтан біз ПИК азаматтарды жергілікті басқарушылық шешімдерін қабылдау процесіне тиімді қатысуға дайындайтын мектеп атай аламыз.

Азаматтардың пассивтілігінің себебі неде? Бұның ішінде ең негізгісі ретінде мыналарды айқындауға болатын шығар:

- күш-жігердің шешім қабылдау процесіне әсер ету мүмкіндігіне сенбеу.

- басқаруға қатысудың іс жүзінде тәжірибесінің болмауы.

- қажетті білімнің жоқтығы.

Білместікті біліммен жеңуге болады, тәжірибе жұмыс барысында жинақталады, сенімсіздікті сәтті қызмет ету мысалдарымен жеңуге болады.

Жергілікті өзін-өзі басқару өзінің табиғатына қарай тұрғындарға ең жақын болып табылады. Азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға белсенді қатысуы әкімдердің шешімдерін қабылдау процесінің ашықтығына, жергілікті маңызы бар мәселелерді тиімді шешуге, өмір сүру сапасын жақсартуға, ауылдар мен қалалардың өркендеуіне әкеледі.

Еліміздің тұрақты дамуы әрқайсымызға байланысты.

 

 

Қазақстан Республикасы

Ұлттық экономика министрілігінің

Өңірлерді талдау және бағалау департаменті